қазақ музыкасының сайыпқыраны
Жомарт ЕСКАРА
Нұрғиса Тілендиев
  • Шапырашты тайпасының Шам руынан.
  • Туып өскен жері - Алматы облысының Іле ауданына қарасты Шилікемер ауылы. Топырақ бұйырған жері Жамбыл кесенесінің іргесі.
  • Мәскеудің П.И.Чайковский атындағы консерваторисының дирижерлік факультетін (проф. Н.П. Аносовың класы бойынша) бітірді.
  • Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында (1953-1961)
  • қазақтың Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Академиялық халық аспаптар оркестрінде (1961-1964) бас дирижер, көркемдік жетекші.
  • 1964-68 жылдары Абай атындағы опера және балет театрының директоры.
  • 1968-81 жылдары «Қазақфильм» киностудиясы музыка редакциясының бас редакторы болып істеді.
  • тікелей өзінің ұйымдастыруымен дүниеге келген «Отырар сазы» халық аспаптары оркестрінде (1981-1998) бас дирижер қызметін атқарды.
Өмірбаяны
Тілендиев Нұрғиса Атабайұлы 1925 жылы 1 сәуір күні Алматы облысы, Іле ауданындағы Шилікемер ауылында дүниеге келген. Әкесі Атабай домбырашы, халық әндерінің білгірі болған. Шешесі Салиқа да музыканы жақсы көрген, өлең айтқан, тіпті сырнайда да ойнаған екен.

Нұрғиса бала кезінен бір орында отырмайтын. Анасы балам бір бәлеге ұрынып қалмасын деп, аяғын ағашқа байлап қойған кездері де болыпты. Артынан баланың энергиясын домбыраға қарай бұрған. Сөйтіп, Нұрғиса бес жасында әкесінен домбыра тартуды үйренген. Ал анасы ноталық сауатын ашты.

Бір күні Ахмет Жұбанов Нұрғиса тұрған үйдің жанынан өтіп бара жатып, домбыраның үнін естіп қалады. Ұлттық аспапта сонша шебер ойнап отырған кім екенін білгісі келеді де, алты жасар баланы көріп, анасынан ұлының тағы бір рет домбыра тартып беруін сұрайды. Шешесі Салиқа келіседі. Бірақ тіл-көз тимесін деп баласы мен Жұбановтың ортасына шымылдық іліп қояды.

Ахмет Қуанұлы баланың ойнауын ұйып тыңдап, оған музыка училищесіне баруға кеңес береді. Училищеде баламен басқа композитор Латиф Хамиди айналысып, оны би класына жазып қояды. Іссапардан келген Жұбанов талантты домбырашы балет сабақтарына барып жүргенін көріп, дереу музыка класына ауыстырады.

Домбырамен қатар, Нұрғиса бокспен де айналысқан. Алайда Ахмет Жұбанов: "Не бокс, не музыка!" деп шарт қойғаннан кейін Нұрғиса өнерді таңдайды.
1943 жылы Нұрғиса Тілендиев соғысқа аттанады. Сол кездегі көпшілік жастар сияқты он алты жастағы жігіт те төлқұжатына екі жас қосып жаздырып алады. Сөйтіп, 1945 жылдың 9 мамырына дейін Нұрғиса Курск шайқасынан бастап Берлинді алғанға дейінгі сарбаз жолымен жүріп өтеді, бірнеше рет жараланады.
Соғыс біткеннен кейін "Ерлігі үшін!", "Берлинді алғаны үшін!" және "Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін" медальдерімен марапатталады.
Нұрғиса Тілендиев әскери қызметті жалғастыруды да ойлаған. Бірақ Ахмет Жұбанов әскери округ бастықтарына соғыстан соң елде талантты музыканттарға деген қатты сұраныс болатынын жеткізіп, Тілендиевті қайтару туралы өтініш жазады. Ақыры Нұрғиса 1945 жылдың қазанында әскерден босатылады.
1948 жылы Нұрғиса Тілендиев Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясына емтихан тапсырып, оқуға түседі. Ұлт аспаптары бөлімінде екі жыл оқып шығады. Оқуын аяқтаған соң, Нұрғиса Мәскеу консерваториясына оқуға барады, осы оқу орнына түскен алғашқы қазақ та осы Нұрғиса Тілендиев болды. Оқудан кейін Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының бас дирижері лауазымына тағайындалады.
Театрдағы жұмысы кезінде көрермендер оның "Ортеке" (1957) балет-поэмасына, "Достық жолымен" (1958) балетіне, "Менің Қазақстаным" (1959) кантатасына тәнті болды. Осы жұмыстары үшін ол Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, Қазақ ССР Еңбек сіңірген өнер қайраткері атағына ие болды.
Шағын ансамбль оркестрге айналды
1980 жылы Нұрғиса Тілендиев Қазақ филармониясы жанынан "Отырар сазы" оркестрін ұйымдастырады. Басында шығармашылық ұжым шағын ансамбль ретінде өнер көрсетті. Ал екі жылдан кейін оркестр болып құрылды.
Оркестр қос ішекті, үш ішекті домбыралар, қобыз, сыбызғы, саз-сырнай, жетіген, шаң қобыз, асатаяқ секілді ертеден белгілі музыкалық аспаптарды қолданды. Артынан оған кең шанақты және шіңкілдек домбыралар, нар қобыз, жез қобыз, мес қобыз, сазген, аса шертер, адырна, даңғыра және тағы басқа аспаптар қосылды.
Өнер ұжымының репертуарында "Кеңес", "Салкүрең", "Сарыөзен" сияқты халық күйлері, Тәттімбеттің "Қос басары", "Сарыжайлауы" мен "Сылқылдағы", Сүгірдің "Кер толғауы" мен "Бес жорғасы", Ықыластың "Ерден күйі" мен "Қамбар батыры", сондай-ақ, сол кездегі танымал қазақ композиторларының шығармалары болды.
1984 жылы оркестр Алматы қаласында өткен Бүкілодақтық фестивальға қатысты. Мәскеудің П.И.Чайковский атындағы үлкен концерт залында өнер көрсетті. Ал 1985 жылы Бүкілодақтық Комсомол сыйлығының лауреаты атанды.
Нұрғиса Атабайұлы қазақтың музыкалық мәдениетіне композитор, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер. Ол 500-ден астам музыкалық төл туындылардың авторы. Осынау мол мұраның жанрлық аясы да қайран қалдырады: ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера, балет.
Сүйікті шығармаларынан

  • «Достық жолымен» (1958)
  • «Менің Қазақстаным» контатасын (1959)
  • Қ.Қожамяровпен бірлесіп жазған «Алтын таулар» операсын (1961)
  • «Ата толғауы»
  • оркестр үшін жазылған шығармаларын (1962)
  • «Халық қуанышы» (1963)
  • «Қайрат» (1964)
  • «Жеңіс солдаты» (1975) сияқты увертюраларын атауға болады.
Музыкасын жазған М.Әуезовтың, Ш.Аймановтың, Т.Ахтановтың, Ә.Тәжібаевтың пьесалары, сондай-ақ

  • «Қыз Жібек»
  • «Қилы кезең»
  • «Менің атым Қожа»
  • «Қарлығаштың құйрығы неге айыр»
  • «Ақсақ құлан» фильмдері әлдеқашан қазақ сахнасы мен экран өнерінің классикасына айналған.

  • «Әсемпаз болма әрнеге...»
  • «Жасымда ғылым бар деп ескермедім...»
  • «Ішім өлген, сыртым сау...»
  • «Қызарып, сұрланып...» өлеңдеріне ән шығарған.
Сонымен қатар қазақ ақындарының өлеңдеріне

  • «Ғашыққа мойын қой»
  • «Абай арманы»
  • «Әйгерімнің әні»
  • «Ақынның пайғамбары - Абай ата» әндерін жазды.
"Құстар қайтып барады" әнінің шығу тарихы
Ағаш жапырақтары сарғайып, күн нұрын сирек шашып, күңіреніп күз жеткенде құстар жылы жаққа қайтып кетеді. Осы бір табиғи құбылысты дара тұлға Нұрғиса Тілендиев «Құстар қайтып барады» әнге салған еді. 1965 жылы ол кезде ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері деген атағы бар ұлы сазгер Нұрғиса Тілендиев Қазақфильм киностудиясында музыкалық бағдарламалардың бас редакторы қызметін атқарған екен. Бірде жұмыстан шығып, көңілсіз күйде үйіне қарай тартады. Сірә, жұмыста бір дүниеге көңілі толмаса керек. Алматыдағы 28-Панфиловшылар саябағына аяңдай келіп, орындыққа отырып, айналасына қарай бастайды. Кенет көзіне ұшып жүріп, ағашқа келіп қонған тырна түседі. Жаңа қонған тырнаға ағашта отырған өзге құстар, оның ішінде қарғалар тыныштық бермейді. Қайта-қайта келіп, шоқып, мазасын алады. Құстардың бұл әрекетін көрген сазгер: «Адам мен құстың өмірі қандай ұқсас» деген ойға келеді. «Жер бетінде адам баласы бір-біріне сұстана қарап, қызыл сөзге жол біріп, бір-бірін көре алмай, қудалап жатады. Бұл әрекет құстардың да өмірінде бар екен-ау. Тырнаны қарғалар отырғызбай қойды. Мен болсам, көзге жас алып, үйге қарай беттедім» - деп үйге келген бойда саябақтағы жағдайды жары Дариға Тілендікелініне айтып береді. Саябақтағы оқиға сазгер жүрегінде қалып, көңіліне тигені соншалықты, ол «Құстар қайтып барады» әнін дүниеге әкеледі. Кейін Тұманбай Молдағалиев бауырын шақырып алып, әннің шығуына ықпал еткен жағдайды баяндап, көңілі босағанын айтып береді. Ақын інісі ағасын мұқият тыңдап, ән мәтінін жазуға бел буады. Осылай «Құстар қайтып барады» әні халық назарына ұсынылады. Бұл әннің алғашқы орындаушысы - ҚР халық әртісі Роза Жаманова. Кейін қос дауыста сол кезде өнерге енді ғана қадам басқан Бақыт Әшімова мен Шолпан Тоқсанова деген жас әншілер шырқады. Осы ән арқасында жас әншілердің есімдері кеңінен таралды. Ән танымалдылыққа ие болып, «Құстар әні», «Бара жатыр құс қайтып», «Құстар қайтып бара жатыр» деген атауларға ие болды. Сазгердің жүрегінен шыққан әуенді сырын бұзбастан тек шебер орындаушы ғана жеткізе алады. «Құстар қайтып барады» әнін ҚР халық әртістері Майгүл Қазтұрғанова, Ермек Серкебаев, Нұрғали Нүсіпжанов сияқты саз өнерінің майталмандары шырқады. Нұрғиса Тілендиев көзі тірісінде өз концерттерінің барлығын осы әнмен аяқтайды екен. Өзі шығарған туындылардың ішінен бұл әнді жанына жақын тартып, ерекше санаған.
Отбасы
Нұрағаның әкесі дәулескер күйші Тіленді Атабайұлы
Нұрғиса ағамыздың анасы Салиха
Дариға Тілендікеліні, Н.Тілендиевтің жары, ҚР Еңбек сіңірген әртісі
Қызы Дінзухра Тілендиева
— Нұрғиса сынды ұлы композитордың қызы болу қиын ба?
— Нұрғиса Тілендиевтің қызы болу – маңдайыма жазылған үлкен бақытым деп білемін. Әрине, мұндай әкенің қызы болудың оңай емес екенін түсінесіз деп ойлаймын. Себебі елдің назары менде болады. «Әкесінің ісін қалай жалғастырып жатыр екен, әкесінің атына кір келтірмей жүр ме екен?» деп сын көзбен қарайтындар да бар. Мені Нұрғиса Тілендиев сияқты болмады деп салыстыра отырып бағалайтындар да табылады. Ал меніңше, бала әкесіне яки анасына ұқсауы, солардың жолын қууы шарт емес, әр бала өз жолын табуы керек. Әр адамның өмірде де, өнерде де өзіндік қолтаңбасы болғаны дұрыс деп ойлаймын. Әрине, әкемнің деңгейіне жету, әкемнен асып түсу менің қолымнан келмейтін іс. Бірақ әкемнің ісін әрі қарай жалғауды өзіме парыз етіп алғаннан кейін, әке атына кір келтірмеуге тырысатыным даусыз.

Динара Нұрғисақызы Тілендиева
Динара Нұрғисақызы Тілендиева - Отырар сазы оркестірінің дирижері. Әкесі - Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев, Халық қаһарманы, КСРО Халық әртісі, композитор. Анасы - Тілендиева Дариға, Қазақстан Республикасы Еңбек сіңірген әртісі, актриса. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының дирижерлік факультетін бітірген (2008), халық оркестрінің дирижері. қазақ және орыс тілдерін біледі. 2009 жылдан бері - Н.А. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі - бас дирижері. Діни көзқарасы - мұсылман. Қазақстанның болашағы туралы болжамы - «Қазақстанның салыстырмалы алғанда, аз уақытта қол жеткізген жетістіктері, ерекше құрметке тұрарлық. Біздің елдің бұдан әрі де гүлденетініне сенемін!» Хоббиі - йога, киноға түседі. Сүйіп оқитын әдебиеті - романдар, тарихи әдебиет.Қызы бар
Нұрғиса Тілендиев жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың жақын туысы болып келеді. Көз жұмбас бұрын: "Мені Жамбыл атамның жанына қойыңдар. "Құстар қайтып барады" әнімен шығарып салыңдар", - деп аманат айтқан екен.
Композитор 1998 жылғы 15 қазанда жетпіс бір жасында өмірден озды. Топырақ бұйырған жері - Жамбыл кесенесінің іргесі.
КСРО Халық әртісі, Халық Қаһарманы, композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтың атымен музыка мектептері, музейлер мен көшелер аталған.
This site was made on Tilda — a website builder that helps to create a website without any code
Create a website