Роман Абайдың «Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат қызық мол жылдар? Ақырын-ақырын шегініп, Алыстап кетті-ау құрғырлар» деген өлең жолдарымен басталады. Журналист, әдебиет зерттеуші және жазушы арасында махаббат туралы әңгіме ұласады. Журналист өзінің махаббат хикаясын баяндай бастайды... 1945 жылдың 14 қарашасы. Ербол Есенов Алматыдағы Қазақ университетінің студенті боп қабылданады. Сол күннен бастап оның махаббат кемесіне жол табуы басталады. 33-аудиторияда Ербол мен Жомартбек жалғыз жігіттер болатын. Отыз шақты қыз ішінде қуы да, ақылдысы да, сұлуы да, өнерлісі де болады. Бірақ Ербол жанына ең жақын болғаны — Меңтай. Ол ақылы көркіне сай, сабырлы қыз. Ербол келгеннен оны «ағай» деп атап, ылғи жәрдемдесетін де осы болды. Ербол уақыт өте келе Меңтайдың ақкөңілділігіне, ақылдылығына тәнті болып, ғашық бола бастайды. Меңтай да «ағайына» ештеңе сездірмесе де, Ерболға көңілі ауып жүреді. Ербол Меңтайға өз сезімдерін айтудан сескектенеді. Оған арнап бір-екі рет өлең шығарады. Осылай біраз жыл өтеді. Курстастарының алдында Ербол біраз ашылып, мұғалімі Мұхит Әуеновтің де алдында өз өнерін көрсетеді. Соғыс жайлы, сондағы оқиғалар жайлы «Тоғжан» деген новелласын да баяндайды. Ербол өзіне сенімді де, адал достар табады. Көптеген оқиғаларды бірге бастарынан кешіреді. Аудитория ішіндегі қызықтар, сессия тапсыру — мұның барлығы студенттердің естерінде қаларлық оқиғалар. 1946 жылы өзінің жан досы, майдандас жолдасы, қаза болды деп жүрген Заманнан хат келіп, Тананы сүйіктісіне жібереді. Ал 1947 жылдың жазында Меңтай туралы адам сенгісіз жайт естиді. Тұмажан Ерболға барлығын айтып береді. Оның үстіне, Меңтайдың абырой-арын кірлеткенін мақтан тұтарлықтай сезімде айтып отырып, Ерболдың ашуына тиеді. Ол, біріншіден, аймалап, күтіп, сүйіп жүрген аруы Меңтайды кірлетті. Екіншіден, қыздарға қорғаныш болудың орнына оларды кемсітіп, қолданып, қадірін түсінбейтіндігінен. Содан ол сессиясын тапсырып, Меңтай кеткен ауылға, яғни досы Майраның ауылына барады. Сол үйде екеуі тойларын өткізеді. Аз уақыттан соң Меңтай жүкті болады. Ол жүрегінің астында Ерболдың баласын сақтап жүреді. Алайда ауруханада жатқанының 3-күні толғақ тартып, бала да, Меңтай да о дүниеге аттанады. Ербол қатты қапаланады. Оған дәрігерлер Меңтай қалдырып кеткен күнделікті береді. Ол күнделікте Меңтайдың уайымы, ойлары, Ерболды шексіз сүйетіні туралы, «Мен өліп кетсем, балама анасын есіне салып отыр» деген сөздерге толы хаттар жазады. Тана мен Заман өздерінің 4 баласының екеуін Меңтай мен Ербол деп атайды.
Бұл әңгіменің ең жағымды жағы — Ербол армандаған жұмысына тұруы және, ең бастысы, махаббатқа толы жылдарын Меңтаймен бірге өткізуі.