Осының салдарынан социализмді жетілдіру жолдарын іздестіру ісі (егер мұндай іздестіру жүргізілсе), ескірген түсініктер аясындағана қанат жаюға мүмкіндік алды. Социализмнің іркіліссіз және қайшылықсыз үдере өркендеуі теориясы экономикалық және әлеуметтік жетістіктерді ерекше ұлғайтып көрсетуге, шындықты боямалап жеткізуге итермеледі. Қоғам әзегіне енген қайшылықтардың, тоқыраушылықтың, төрешілдіктің асқыну себептерін жабулы күйінде қалдыра берді. Қоғамның даму құбылысы өткен кезеңдегі жетістіктермен салыстыра қарастырылғандықтан, сөздер мен үғымдар бірте-бірте шындыққа мүлде жанаспайтын мазмұнға ие болды, теория да шынайы мән-мағынасынан айырыла бастады.
Қиялдағыны қолдағыдай етіп көрсетуге тырысушылықтың барынша асқындаған көрінісі КСРО-ның 1977 жылғы Конституциясында орын алды. КОКП Орталық Комитетінің мамыр (1977 ж.) пленумы мақұлдаған Конституция жобасы бүкілхалықтық талқылауға ұсынылды. Талқылау барысында не бәрі 400 мыңға жуық ұсыныс келіп түсті. 1977 жылғы казанның 7-сі күні тоғызыншы сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс жетінші сессиясы Негізгі Заңның тексін қабылдады. Бұл күн Конституциясы күні болып жарияланды.
1978 жылғы наурыздың 17-сі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы республика Конституциясының жобасын бас-аяғы бір-ақ айға созылған «бүкілхалықтық талқылауға» ұсынды. Оның іргетасын Кеңес мемлекетінің Негізгі Заңы құрады. Сыншыл рухтағы ресми қоғамдық пікірге кереғар келетін материалдар, әлбетте, ескерусіз қалды. 1978 жылдың 18-20 жұлдыздарында Қазақстан билеуші партиясының ОК-і мақұлдағаннан кейін, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс жетінші сессиясы Жаңа Конституцияны қабылдады.
Демократияны шектеу, еңбек адамын меншік пен билікке жақындатпау, адамның қүқын аяқасты ету т.б. болатын кеңес қоғамының саяси жүйесіне тән белгілер, міне, осындай. Жаттандық пен қасандыққа бой ұру демократиялық институттардың қатып-семуіне және формалді сипат алуына әкеп соқты. Қалыптасқан жағдай Кеңестердің демократиялык, ішкі мүмкіндіктерінің тынысын тарылтып, адымын ашқызбауға айналды. 1970-1980 жылдары жетекші органдар тарапынан Кеңестер жұмысын жақсарту жөнінде ондаған қүжаттар қабылданғанымен, оң өзгерістер болған жоқ және болуы да мүмкін емес еді. «Мемлекеттендіру» процесі кәсіподақтарды, комсомолды және қоғамдық ұйымдарды да қамтыды. Қоғамдық ұйымдардың партиялық-мемлекеттік аппаратпен тұтасуы, олардың дербес негіздерін жоққа шығаруға әкеп тіреді.
Бұл кезеңге тән болған сөз бен іс, қабылданған шешімдер мен олардың орындалуы арасындағы алшақтық кеңес адамдарының бойында самарқаулық пен немқұрайдылык туғызды. 1950-60-шы жылдардағы реформалардың сәтсіздікке ұшырауы, ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелердің болмауы жарияланған мақсаттар мен ниеттерге сенімсіздікпен қарау рухын дүниеге әкелді.